ПОДЕЛИТЬСЯ
Ресей президенті Владимир Путин Украинамен соғыста Мәскеуге ядролық қару қолданудың қажеті болмайды деген үмітте. Бұл туралы ол ВГТРК журналисі Павел Зарубинге берген сұхбатында айтты,- деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Кремль басшысының айтуынша,Ресейдің мақсатына жету үшін ядролық қарудан тыс та жеткілікті күші мен құралдары бар.
"Бізді арандатқысы келді,қателікке ұрындыруға тырысты. Бірақ сіз айтқан (ядролық – ред.) қаруды қолдануға қажеттілік туындаған жоқ,әрі ондай қажеттілік болмайды деп үміттенемін. Бізде 2022 жылы басталған істі Ресей үшін қажет нәтижемен аяқтауға жететін күш пен құрал бар",– деді Путин.
Сұхбат барысында Путин Украинамен татуласу болмай қоймайтынын да атап өтті.
"Маған бұл – уақыты келгенде бәрібір болатын нәрсе сияқты көрінеді. Қанша жерден қазір ауыр кезеңді бастан өткеріп отырсақ та,бұл уақыт еншісіндегі мәселе",– деді ол.
Бұған дейін Батыс саясаткерлері Украинадағы соғыс ядролық соғыс қаупін тудыруы мүмкін екенін бірнеше рет мәлімдеген еді. Ал Путин Ресей ешқашан бірінші болып ядролық қару қолданбайды деп жауап берген,дегенмен дүниежүзінде ядролық қақтығыс қаупі өсіп отырғанын да жоққа шығармаған.
2024 жылдың күзіне қарай Путин Ресейдің ядролық доктринасын жаңартуды ұсынған болатын. Жаңа құжатта ядролық қару "тек төтенше әрі мәжбүрлі жағдайда қолданылатын тежеу құралы" ретінде сипатталады. Сонымен қатар,Путин Мәскеу Ресей мен Беларуське қарсы агрессия болған жағдайда ядролық қару қолдану құқығын өзінде сақтап қалатынын атап өткен.