ПОДЕЛИТЬСЯ
Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сотталушылар алқабилер сотынан бас тартты,- деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Талдықорғандағы Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ғимаратында өтіп жатқан отырыс барысында судья айыпталушылардың іс бойынша пікірін тыңдап,істі алқабилердің қатысуымен қарап-қарамау бойынша ойын нақтылады. Айыпталушылар алқабилер сотынан бас тартты.
Осыған байланысты қылмыстық істі әдепкі құрамда,алқабилердің қатысуынсыз қарау туралы шешім қабылданды.
Шешім жарияланғаннан кейін судья үзіліс жариялады.
Процесс Жетісу облысы Талдықорғандағы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында өтіп жатыр. Айыпталушылар орнында тоғыз адам отыр.
Бұған дейін Алматы облысы Полиция департаменті Шерзат Болат ісі бойынша тергеу аяқталғанын хабарлаған еді. Тергеу аясында 40 сот сараптамасы жүргізіліп,200-ге жуық куәгерден жауап алынған. Барлық күдіктімен оқиға болған жерде жауап алу,іске қатысушылар арасында беттестіру және қылмыстың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған басқа да тергеу әрекеттері жүргізілген.
Сегіз бейнематериал зерттеліп,қылмысқа қатысы бар барлық адамға құқықтық баға берілді. Қылмыстық істің көлемі 62 томнан тұрады.
Еске салайық,Талғарда 2024 жылы 4 қазанға қараған түні жасөспірім көз жұмды,кейінірек өңірдің Полиция департаменті осы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Ал марқұм Шерзаттың отбасы бұл жайтқа қатысы барлардың бәрін ұстап,жазалауды талап етті. Қалаға ІІМ тобы жіберілді.
Сонымен қатар,Алматы облысы Полиция департаментінің өкілі Талғардағы жаппай төбелесте күдіктілер қандай суық қару қолданғанын айтты.
Кейінірек полиция тағы да мәлімдеме жасап,халық арасында тараған "Талғардағы жасөспірімнің өліміне бандиттердің қатысы бар" деген ақпаратқа пікір білдірді. Ал 12 қазанда Шерзат Болаттың үйі өртеніп кетті. Артынша марқұмның отбасын полиция күзететін болды.